Орал қаласында 70 адамнан сальмонеллез анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында сальмонеллезбен ауырғандар саны 1,6 есеге көбейіп отыр.
Орал қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гауһар Дүйсеғалиеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, өткен жылы он айда 42 адам сальмонеллезбен ауырса, биыл 70-ке жеткен.
Гауһар Мұқсинқызының сөзіне қарағанда, деректердің 55 пайызы ұйымдастырылған ұжымдарға баратын ересектер мен балаларда тіркеліп отыр.
— Өсудің ықтимал себептері — қауіпті өнімдерді пайдалану, сақтау және пісіру жағдайының бұзылуы. Сальмонеллездің алдын алу мақсатында ауру ошағында эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды, — деді Г.Дүйсеғалиева.
Оның айтуынша, жедел ішек инфекцияларының эпидемиологиялық жағдайы өткен жылдағыдай тұрақты. Дизентериямен сырқаттанушылық өткен жылғыдан 9 дерекке аз. Белгіленген жіті ішек инфекциясы 2 дерекке, белгіленбеген жіті ішек инфекциясы 3,2 есеге төмендеген.
Басқарма мәліметі бойынша паразитологиялық инфекциялар бойынша эхинококкозбен 2 адам ауырса, описторхоздың 1,4, лямблиоздың 1,9 есе азайғаны байқалады. Дегенмен аскаридозбен ауырғандар саны 1,1 есеге (2024 жылы он айда — 75, биыл — 89), энтеробиозға шалдыққандар 1,3 есеге (106-дан 148-ге) өскен.
— Сырқаттанушылық мектеп жасына дейінгі балалардың арасында кездеседі. Негізгі себептері — жеке бас гигиенасын сақтамау, жуылмаған көкөністер мен жемістерді пайдалану. Аурушаңдылықтың өсуін төмендету мақсатында санитарлық ағарту жұмыстары, сапалы сумен жабдықтауды бақылау, алдын алу бойынша тексерулерді уақтылы жүргізу күшейтілді, — деп қосты Г.Дүйсеғалиева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 75 адамның гонконг тұмауына шалдыққанын жазған едік.