Орал қаласында аула-көшелер қар суына тола бастады
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында қардың күрт еруіне байланысты тұрғындардан түскен өтініштер көбейді.
Instagram әлеуметтік желісінде бейнежазбамен бөліскен ер адам Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов көшесін су алып, аулаға кіріп жатқанын хабарлаған.
- Биыл бұл жердің қары алынған жоқ, - дейді тұрғын.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, аталған көшені Зачаган кенті әкімдігінің мамандары барып қараған. Әзірге аулаға кіретіндей қауіп жоқ. Жағдай бақылауда.
- Жедел штабқа Орал қаласы бойынша 8 наурыздан бері 94 өтініш түсіп, су сору жұмыстары жүргізілді. Ең алдымен аулаларына су кіру қаупі төнген тұрғындарға көмек көрсетіліп жатыр. Зачаган кентінің өзінде бүгін күндіз су соратын 22 техника жұмыс істеді. Түнде бұлардың саны 30-ға дейін жетпек, - деп хабарлады ведомстводан.
Әлеуметтік желіге жүктелген тағы бір бейнежазбада Д.Қонаев шағынауданы көпқабатты 16, 17, 18 және 19-тұрғын үйге кіреберісте көктем сайын осындай жағдайдың қайталанатыны айтылып, автокөліктердің су кешіп келе жатқаны көрсетілген.
Қала әкімдігінің мәліметі бойынша осы кезге дейін 468 мың текше метр қар полигондарға шығарылып, 25 мың текше метр су сорылған. 11 наурыз күні бұл жұмысқа 250-ге жуық арнайы техника, 300-ге жуық адам жұмылдырылды. Сондай-ақ Оралда 150 шақырымдай арық жүйесі болса, қазір оның басым бөлігі тазаланды. Әкімдік қызметкерлерінен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауылға кіреберісте автокөліктер батпаққа батып жатуына байланысты әкімдік жауап бергенін жазған болатынбыз.