Орал қаласында 1 қаңтардан бастап автобуста жол жүру ақысы қымбаттады, деп хабарлайды Kazinform.
Орал қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес шаһар тұрғындары қоғамдық көлікте жолақыны қолма-қол ақшасыз - 100 теңгеден, қолма-қол ақшамен - 200 теңгеден төлейді.
Жолаушылар жаңа жылға дейін қолма-қол ақшасыз 80, қолма-қол 150 теңгеден төлеп келген еді.
Жаңа тарифті енгізу кезінде автобуста жеңілдікпен жүретін жолаушылар қатары кеңейтілді.
Атап айтқанда, зейнеткерлер мен құлағы естімейтін мүгедектер жолақыны 50 пайыз жеңілдікпен төлейді.
«Smart Qala Oral» ЖШС мәліметі бойынша зейнеткерлер 1, 2 қаңтар демалыс күні болғандықтан, көлік карталарын 3 қаңтардан бастап қаладағы Сырым Датұлы 4 (автовокзал) мекенжайынан сатып ала алады.
Ол үшін әр зейнеткер өзінің жеке куәлігі және зейнетақы кітапшасымен баруы қажет.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қоғамдық көліктерде жолақы бағасы көтерілетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).