Орал қаласында бір апта бойы ыстық су болмайды

ОРАЛ. KAZINFORM — Күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аясында 7–13 қыркүйек аралығында «Жайықжылуқуат» АҚ-ның Орал жылу-қуат орталығындағы жылу өндіруші жабдықтары толық тоқтатылады.

Фото: pixabay

«Жайықжылуқуат» АҚ-дан мәлім еткеніндей, осыған байланысты аталған кезеңде, яғни бір апта бойы Орал қаласы тұтынушыларына жылу-қуат орталығынан ыстық су беру уақытша тоқтатылады.

— Жұмыста жылу-қуат орталығының негізгі және қосалқы жабдықтарын техникалық диагностикалау, тексеру, жөндеу және жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізу мақсатында жүзеге асырылады, — деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар қазіргі кезде Әбілқайыр хан даңғылы бойында «Айлуна» кафесіне қарама-қарсы орналасқан диаметрі 900 мм кәріз коллекторындағы кәріз құдығының опырылып түсуіне байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Батыс су арнасы» ЖШС мәліметіне қарағанда, аталған коллектор Қ.Миханова, С. Тюленин, Н.Гастелло көшелері және Әбілқайыр даңғылы бойындағы тұрғын үйлер мен шағын және орта бизнес нысандарына қызмет көрсетеді.

Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Әбілқайыр хан даңғылының Желтоқсан көшесінен С. Тюленин көшесіне дейінгі учаскесі көлік қозғалысы үшін уақытша жабылды.

Орал қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша коллектордағы апатқа байланысты қалпына келтіру жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы бөліктің жабылуына байланысты қалада 11 автобустың бағыттары өзгертілді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құбырда апат болып, үйлер мен сауда нысандары сусыз қалғанын жазған едік.