Орал қаласында орман алқабы отқа оранды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бергі алғашқы орман өрті тіркелді.

Фото: Видеодан алынған скрин

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, Орал орман мекемесінің аумағында Хан тоғайы маңында 13 мамыр күні өрт болды. 

Алдын ала мәлімет бойынша «тілсіз жау» 2,7 гектар жерді қамтыған. Орманның жанып жатқаны жөнінде ақпарат сағат 11.40-та түскен.

Өртті ауыздықтауға 27 адам, 10 техника жұмылдырылып, сол күні сөндірілді. 

Басқарма басшысының орынбасары Дархан Закариннің мәлім еткеніндей, өңірде мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы ауданы 224 699 гектар болса, соның 88 762 гектары тоғаймен көмкерілген. 

Оның сөзіне қарағанда, облыстағы 8 орман шаруашылығы мекемесінде 10 орман өрт станциясы жұмыс жасайды. 2025 жылы Ақжайық, Бөрлі, Тайпақ, Орал және Январцев орман мекемелерінің аумағында жалпы ауданы 134,08 гектар 15 орман өрті тіркелді. Оның ішінде орманмен қамтылған аумақтың көлемі – 43,9 гектар.

Орман өрттерінің алдын алу және оларды ерте анықтау мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінде 11 өрт бақылау мұнарасы орнатылған. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап осындай мекемелерде «Лесохранитель» орман өртін ерте анықтау жүйесінің 10 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.

- Биыл облыс аумағында орманды әуеден жүйелі түрде бақылау арқылы өртті дер кезінде анықтау, орман заңнамасын бұзушылықтарды айқындау және олардың алдын алу мақсатында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК ашылды. Аталған мекеме өрт қауіптілік класына байланысты авиациялық патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда орман өрттерін сөндіруге қатысады. Мекемеде 7 адам қызмет атқарады және As-350 Еурокоптер әуе кемесімен жабдықталған, - деді Д.Закарин.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жеті дала өрті тіркелгенін жазған едік.