Орал қаласында референдум күні қоғамдық көліктер тегін жүреді
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында 15 наурыз — референдум күні барлық қоғамдық көліктер тегін қатынайды.
Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, облыс орталығында автобустар 27 бағыт бойынша жүреді.
Қалада барлығы 305-310 қоғамдық көлік бар.
— 15 наурыз күні елімізде республикалық референдум өтеді. Осыған байланысты қала тұрғындарының дауыс беру учаскелеріне баруына қолайлы жағдай жасау мақсатында, аталған күні Орал қаласындағы барлық қоғамдық көліктер тегін қатынайтын болады, — деп хабарлады ведомстводан.
БҚО аумақтық референдум комиссиясынан түскен мәліметке қарағанда, 11 наурыз күні өңірдегі референдум комиссияларында ашық есік күні өткізілді.
Аталмыш іс-шара аясында референдумға қатысу құқығы бар азаматтар комиссияға келіп, өздерінің тізімде бар-жоқтығын тексерді. Сондай-ақ дауыс беру учаскесінің мекенжайы мен нөмірін анықтап, дауыс беру процедурасына қатысты барлық сұрақтар бойынша кеңестер алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда референдумда дауыс беруге құқылы 450 мыңнан астам азамат бар екендігін жазған болатынбыз.