Орал қаласында санитарлық талап бұзылған 16 нысанға 3 млн-ға жуық теңге айыппұл салынды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына түскен өтініштер саны 1,1 есеге көбейіп отыр.

Фото: Kazinform

Басқарма басшысы Гауһар Дүйсеғалиеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, биылғы сегіз айда жеке адамдардан 211, заңды тұлғалардан 38, барлығы 249 (өткен жылы осы мерзімде – 216) өтініш түскен.

Оның сөзіне қарағанда, өтініштердің басым бөлігі аумақты абаттандыру және тазалық сақтау, қоқыс контейнерлерін орналастыру, тыныштықты бұзуға (103), тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына (97) қатысты болып отыр.

- Қарау нәтижелері бойынша 184 шешім қабылданды. Соның ішінде жоспардан тыс 25 тексеріс ашылып, 16 нысанда санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Осы 16 нысан 2 млн 988,320 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Сонымен қатар тексеріс ашылмай, құқық қорғау органдарынан келіп түскен материалдар негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 802-бабына сәйкес 334 220 теңгеге 7 әкімшілік айыппұл салынды, - деді Г.Дүйсеғалиева.

Басқарма басшысының айтуынша, әкімшілік акт ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша қабылданады. Осы кодекстің 70, 89-баптарына сәйкес 58 өтініш тоқтатылды. Бұл – өтініштердің 23 пайызы. Тұрғындар қысқартылған өтініштер бойынша дәлелді құжаттар жинаса, басқармаға қайта жүгіне алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көмілген сібір жарасынан қауіп бар ма, соны жазған едік.