Орал қаласында саяжай тұрғындары екі күн бойы жарықсыз қалды

Фото: Фото: Орал қаласы әкімдігі

Орал қаласының Деркөл кентінде бірнеше көше мен саяжай тұрғындары екі күн бойы жарықсыз қалды, деп хабарлайды Kazinform. 

Тұрғындар осыған орай 24 қарашаға қараған түні Деркөл кенттік округі әкімдігіне жиналып, қашан жарық бергенше тарамайтынын айтып, ренішін білдірді.

Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, ауа райының қолайсыздығына (қалың қар, күшті жел) байланысты Деркөл кентінің 10-0,4 кВ тарату желілерінде апаттық ажыратулар болғанын жеткізді.

Соның салдарынан 22 қараша күні таңертеңнен бастап кейбір көшелер (Деркөл, Шарын, Даль, Тихая), соның ішінде «Үміткер» мен «Ягодка» саяжайлары жарықсыз қалды (абоненттер саны – 568).

«Апатты жою үшін кент аумағында 4 маманнан 2 бригада жұмыс істеді. Электр қуаты 23 қараша күні сағат 20.00 шамасында қосылды. Алайда Тихая, Северная көшесі, Деркөл көшесінің жартысы және «Үміткер» мен «Ягодка» саяжайларында электр жарығы қосылған жоқ. Электр қуаты қалыпқа келгенге дейін аталған саяжайларды басқа фазаға уақытша қосу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде «Үміткер» бау-бақша серіктестігінде электр қуаты 24 қараша күні сағат 02.00-де «ЗапКазРЭК» АҚ күшімен қосылды. Сонымен қатар Деркөл кентінің тұрғындарына түсініктеме берілді. Қазіргі уақытта 2 апаттық бригада электр қуатының үзілу себебін жою үшін Деркөл кентінің аумағында жұмыс істеп жатыр. Деркөл кентінде әлі қосылмаған абоненттер саны – 94», - деп хабарлады ведомстводан.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, осындай жағдай Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында болған. Мұнда да жарық екі күннен кейін қосылған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда электр желілері үзіліп, жолдар жабылғанын жазған болатынбыз.