Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы Мирас Ғаділжанұлының мәлім еткеніндей, 2000-2026 жылдар аралығында облыс орталығында жалпы көлемі 1 500 гектардан астам жер телімі 15 мың азаматқа берілді.
Оның сөзіне қарағанда, бұл жер телімдері шаһардағы екінші, үшінші және 3А-егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, «Солтүстік-Шығыс», «Ескі әуежай», «Жұлдыз», «Балауса», «Болашақ», «Арман», «Көктем», «Keң дала», «Сарытау», «Сарыарқа», «Көкжиек» шағынаудандары және Круглоозерный кентінде орналасқан.
— 2022 жылдың сәуір айынан бастап жеке тұрғын үй құрылысы үшін өтініштер электронды (egov.kz) портал арқылы жүргізіледі. Электрондық кезек басталғанға дейін Орал қаласында 72 мыңға жуық азамат кезекте тұрды. Электрондық кезек басталғаннан кейін 32 мыңнан астам адам қосылды. Мысалы, 2025 жылы — 431, биыл 180 азамат тіркелді, — дейді М.Ғаділжанұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру тек Орал қаласында емес, республика көлемінде өзекті мәселе болып есептеледі. Себебі ҚР Жер кодексінің 44-бабына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері сұралған кезде азаматтардың өтініштері (өтінішхаттары) арнаулы есепке алынады. Оған қоса бөліп беруге арналған алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру қағидаларын орталық уәкілетті орган бекітеді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін тегін негізде беру кезінде азаматтың жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет құқық берген жер телімдерінің бар немесе жоқ екендігі ескеріледі.
— Орал қаласы бойынша бөліп беруге арналған алаңдардың дайын болмауына байланысты алдағы уақытта жер телімдерін беру жұмыстары жүргізілмейді, — деді М.Ғаділжанұлы.
БҚО жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша облыста барлығы 172 525 адам жер кезегінде тұр. 2021 жылы — 250, 2022 жылы — 857, 2023 жылы — 266, 2024 жылы — 353, 2025 жылы 235 жер телімі берілген.
Биыл облыс бойынша 1 264 жер телімін беру көзделсе, соның 527-сі Теректі, 98-і Қаратөбе, 92-сі Бәйтерек, 82-сі Ақжайық, 79-ы Бөрлі, 66-сы Жаңақала, 61-і Казталов ауданының үлесіне тиеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 43 мыңнан астам адамның тұрғын үй кезегінде тұрғанын жазған болатынбыз.