Орал қаласында жер кезегінде тұрғандар саны 110 мыңнан асты

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 1 қарашадағы мәлімет бойынша 177 453 адам жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тіркелген.

Фото: ҚР АШМ

БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовтың мәлім еткеніндей, соның ішінде 110 702-сі Орал қаласының үлесіне тиеді.

Нұржан Ерболатұлының сөзіне қарағанда, 2021 жылы облыста 104 590, қалада 72 631 тұрғын кезекте тұрған еді. Содан бері олардың саны ұдайы өсіп келеді.

2021-2026 жылдары облыс бойынша барлығы 2 128 жер телімі берілген. Ал облыс орталығында соңғы бес жылда тұрғындарға 652 жер телімі бөлінген. Соның ішінде 2022 жылы – 558, 2023 жылы – 68, 2024 жылы – 8, 2025 жылы 7, биыл 11 жер телімі табысталған.

- Жыл соңына дейін және 2027 жылы облыс бойынша 1 238 жер телімін беру жоспарланып отыр. Соның ішінде 255-і Орал қаласында, 82-сі – Ақжайық, 58-і – Бөрлі, 92-сі – Бөрлі, 66-сы – Жаңақала, 61-і – Казталов, 97-сі – Қаратөбе, 527-сі Теректі ауданында кезекте тұрғандарға ұсынылмақ, - деді Н.Мақсотов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қайтарылған жердің 91 пайыздан астамы айналымға қайта енгізілгенін жазған едік.