Орал қаласында жылу желілерінің тең жартысы тозған

Фото: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында жылу желілерінің жалпы ұзындығы 312 шақырым болса, соның 249 шақырымы Орал, 63 шақырымы Ақсай қаласына тиесілі.

БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәйдің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, облыс орталығында жылу желілері 50,4, Ақсайда 10 пайызға тозған. 

Оның сөзіне қарағанда, «Жайықжылуқуат» АҚ өз қаражаты есебінен Орал қаласында 1,4 млрд теңгеге 2 негізгі жабдық (№ 3, № 5 энергетикалық қазандық) және 6,7 км жылу желісіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жоспарлаған болатын.

«Қазіргі таңда аталмыш екі энергетикалық қазандыққа және 5,8 км жылу желілеріне жөндеу жүргізілді. «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өңірлік филиалы алдындағы кредиторлық берешегін өтеу мақсатында облыстық резервтен 1,5 млрд теңге бөлінді. Күні бүгін «Жайықжылуқуат» АҚ-ның кредиторлық берешегі жоқ», - деді М.Мүлкәй.

Басқарма басшысының айтуынша, Орал қаласында 5-жылу магистралын (2-жылу магистралы ойымынан 11-жылу камерасына босатуға дейін) қайта құру жобасы қолға алынып отыр.

«Жобаның жалпы сомасы – 1 млрд 341,569 млн теңге. 2024 жылы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 500 млн теңге, жергілікті қазынадан 129,343 млн теңге бөлініп, қаражат толықтай игерілді. Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 2024 жылғы 23 шілдедегі № 590 қаулысымен 573,775 млн теңге берілді. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстары 98 пайызға атқарылған. Іске қосу-жөндеу жұмыстары және гидравликалық сынақтар жүргізілуде. Пайдалануға беру мерзімі – биылғы төртінші тоқсан. Бұл жобаны жүзеге асырудағы мақсат – Орал қаласы жылумен жабдықтау нысандарындағы желілердің тозуын азайтып, апат деңгейін төмендету», - деді М.Мүлкәй. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласы жылыту маусымына қаншалықты дайын екендігі туралы жазған едік.