Орал қаласындағы саяжайлар тексеріліп жатыр

Фото: БҚО полиция департаменті

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатыр. Азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр төрт сағат сайын жүзеге асады. 

Бұл аймаққа ТЖМ қосымша күштері мен құралдары тартылып отыр. Олар учаскелерге бөлініп, қызу жұмысқа кірісті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп ОКҚ айтты.

«Өткен тәулікте Стеновик саяжайында 4 адам құтқарылды. 61 адам эвакуацияланды. Қалған тұрғындар бұған дейін қауіпсіз жерге қоныстанған болатын. 1497 адам уақытша орналасу пунктеріне, қалғаны туыстарының үйлеріне орналасты. Саяжай үйлерінде қалып қойған адамдардың бар-жоғын тексеру үшін аралау жұмыстары жалғасып жатыр», – деді ол.

Осы уақытқа дейін еліміз бойынша 23 085 адам өз үйлеріне оралған. Әзірге 8872 адам, оның ішінде 3852 бала эвакуациялық пункттерді паналап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы гидробекетінде 862 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жеткені хабарланған болатын.