ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан көтеріңкі сорғы стансасының машина залы суға толып кеткен.
«Батыс су арнасы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, апатты жағдай 9 маусым күні аталмыш станцияны қарау кезінде сағат 14.30-да белгілі болды.
Қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдарын «Батыс су арнасы» ЖШС мамандары анықтап жатыр.
- Аталмыш нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер ұйым «Кульсай Строй» ЖШС жүргізді. Тапсырыс беруші – Орал қаласының құрылыс бөлімі. Келісім-шартқа сәйкес кепілдік міндеттемені мердігер ұйым мойнына алған. Осы апатты жағдайға сәйкес қаланың 10-шағынауданындағы көпқабатты үйлерде, әсіресе, бесінші қабаттан жоғары бөлігінде сумен қамту қысымы уақытша төмендеуі мүмкін, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құбыр жарылып, қаланың бір бөлігі сусыз қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).