Орал қаласының бір бөлігінде газ беру уақытша тоқтатылады

Фото: Фото: Александр Павский/ Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының солтүстік-шығыс шағынауданында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты 18 шілде күні газ беру уақытша тоқтатылады. 

Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы аталған ауданда жоғары қысымды газ құбырында өндірістік жоспарлы жұмыстарды жүргізбекші.

«Газбен жабдықтау жұмыстары уақытша тоқтатылатын аумақтарға 7, 9, 10-шағынаудандар, Жұлдыз және Ескі әуежай, Орал-Желаев, Орал-Бузулук трассасы, Жұлдыз, Б.Жұмағалиев, Ш.Қоспанов, Б.Жұманиязов, В.Правдухин, Тәуелсіздік, Қазыбек би, Төле би көшелері, Әбілқайыр хан даңғылы кіреді. Жөндеу жұмыстары 18 шілде күні сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін жүргізіледі. Қаланың аталмыш бөлігі 19-20 шілде күндері кезең-кезеңмен газбен қайта қамтамасыз етіледі. Қауіпсіздік шаралары үшін газ құралдарының крандарын ажырату қажет», - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске салсақ, бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде газ бағасын кезең-кезеңінен көтеру жоспарланып отырғанын айтқан еді.