ОРАЛ. 3 қазан. ҚазАқпарат - Орал қаласы әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды.
Қала әкімінің өкімімен Еркебұлан Иқсанов Орал қаласы қаржы бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Қазталов ауданында 1982 жылы дүниеге келген оның білімі жоғары. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Түрлі салада қызмет атқарған ол кейінгі жылдары БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында бас маман, бөлім басшысы болды.
Сондай-ақ қала әкімінің өкімімен Асланбек Сарқұлов ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы қызметіне кірісті. 1984 жылы Шыңғырлау ауданында өмірге келген ол М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалында кеңесші, бөлім меңгерушісі, 2012 жылдан Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Өткен жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).