Орал қаласы емханаларында электронды кезек орнатылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының барлық емханаларында «Электронды кезек» жобасы енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылған жобаға 143 млн. теңге жұмсалған. Қазіргі кезде электронды кезек барлық алты емханада жұмыс жасауда.

Бұдан бұрын қалаға қарасты Зачаган кентіндегі №6 емханада кезектің көптігі мен тұрғындарға қолайсыздық тудыратын басқа да жайттар жөнінде тұрғындар облыс әкіміне шағым жасап, содан қорытынды шығару мақсатында бірнеше шара қолға алынған болатын. Соның бірі - электронды кезек.

Аталмыш жоба жетекшісі Антон Скрамовскийдің сөзіне қарағанда, мұны денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңалық деуге болады. Орал қазіргі кезде емханалары электронды кезекке көшкен еліміздегі бірінші қала болып отыр. «Logitex» ЖШС барлық қажетті құрал-жабдықтарды қондырып, онымен жұмыс жасауға медицина қызметкерлерін үйретті.

Айта кетейік, сонымен қатар Оралға карасты Круглоозерный селолық округіндегі Серебряков ауылында жаңа медпункт ашылды. Бұрын медпункт «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің кішкентай бөлмесінде орналасса, енді жергілікті кәсіпкер Айнұр Исмағұлованың көмегімен жеке үйге көшті. Жалгерлік ақыны (айына 60 мың теңге) облыстық денсаулық сақтау басқармасы төлеп, медицина қызметкерлерімен, керекті дәрі-дәрмекпен қамтиды. Медпункт бір мың жарымнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Бұған қоса Круглоозерный кентінде №6 қалалық емханаға бекітілген №3 отбасылық денсаулық орталығы ғимаратында дәріхана да өз есігін айқара ашты. Мұндағы мақсат - 6 мыңнан астам тұрғынға сапалы қызмет көрсету. «Талап» АҚ дәріханасы қолжетімді бағамен дәрі-дәрмек босатумен бірге емхана дәрігерлері жазып берген рецепт бойынша дәріні тегін де береді.