ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы көшелерін жөндеуге 7 млрд астам теңге бөлініп отыр. Бұл туралы мердігер мекемелер басшыларымен кездескен қала әкімі Мұрат Мұқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шаһар басшысының айтуынша, осы қаржыға барлығы 69 көше жолдары жөнделмек.
Жол құрылысы, аулаларды абаттандыру және балалар спорт алаңдарын салу ерекше бақылауда болмақ. Тендер рәсімдері уақтылы өткізілді, алдағы аптада құрылыс жұмыстары басталады.
«Ең бастысы, барлық жұмыс дер кезінде және сапалы атқарылуы керек. Құрылыстың кепілді мерзімі 7 жыл екендігі белгілі. Сондықтан біздің тарапымыздан бақылау қатаң болмақ. Кемшілік жіберіп, бір-бірімізді кінәлап, сотқа жүгінбес үшін бәрін бір рет жасаған дұрыс», деп ескертті Мұрат Мұқаев.
Қала әкімі сондай-ақ Депо көпірінің құрылысы биыл жазда аяқталуы көзделіп отырғанын жеткізді. Содан кейін іле-шала «Омега» зауыты ауданындағы көпір жабылып, бұзылып, демонтаж жасалады. Оның да құрылысын көпке созбай бітіру жоспарлануда.
фото: vibirai.ru
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).