ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының 2016 жылғы бюджеті 31,2 млрд. теңгені құрады, бұл алдыңғы жылғыдан (26,5 млрд. теңге) 18 пайызға артық, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, қаржының 5 млрд. теңгеге өсу себебі республикалық (2 млрд. теңге) және облыстық (3 млрд. теңге) бюджеттен келген қосымша трансфертке байланысты.
Жыл қорытындысына сәйкес қала бойынша мемлекеттік бюджетке 89 млрд. теңге шамасында түсті, бұл 2015 жылғыдан (68,3 млрд. теңге) 30 пайызға көп. Соның ішінде республикалық бюджет еншісі - 73 пайыз (64,7 млрд. теңге), облыстікі - 8 пайыз (7,6 млрд. теңге), шаһардікі - 19 пайыз (16,7 млрд. теңге).
2015 жылмен салыстырғанда, бюджет кірісінің 130 пайыз құрағанын айта кету керек. Соның ішінде республикалық салықтар бойынша - 142 пайыз, реттелетін салықтар бойынша - 121 пайыз. Бұл салықтық түсімдердің елеулі түрде өскендігін көрсетеді.
Қала бюджетінің негізгі бөлігі әлеуметтік (52,4 пайыз, 16,3 млрд. теңге), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (20 пайыз, 6,3 млрд. теңге) және құрылыс (19 пайыз, 6,1 млрд. теңге) саласына жұмсалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).