Орал қаласынан Мысырға жаңа рейс ашылмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат – 21 сәуірден бастап Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайынан Мысырға жаңа рейс ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуежайдың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Оралдан Шарм-эль-Шейх қаласына ұшуды Scat Airlines әуе компаниясы жүзеге асырады.

Енді Орал қаласынан танымал курортқа Boeing 737MAX әуе кемелерімен бес күнде бір рет ұшуға болады. Рейстер қазан айына дейін жоспарланған.

Орал халықаралық әуежайының бас директоры Рустам Бектеміров маршруттық желіні дамыту жұмыстың басты бағыттарының бірі екендігін жеткізді.

«Біз өңір тұрғындарына ел ішіндегі сұранысқа ие бағыттар бойынша, сондай-ақ танымал шетелдік курорттарға тікелей рейстердің қолжетімді болуын көздеп отырмыз. Мысырға чартерлік бағдарламаның басталуы бұл мәселені шешудегі маңызды оқиға болды», - деді ол.

Айта кетейік, Шарм-эль-Шейх Орал кестесіндегі екінші халықаралық курорттық бағыт болады. Жолаушыларға Антальяға да рейстер қолжетімді. Мамыр айының соңынан бастап олардың саны әлі де өседі: Scat Airlines Түркия курортына аптасына екі рет ұшатын чартерлік бағдарламаны бастайды.