Орал қаласында әлеуметтік мақсаттағы жаңа автобустар жолға шықты

ОРАЛ. 21 маусым. ҚазАқпарат - 20 маусым күні Орал қаласындағы «№1 көлік пайдалану кәсіпорны» ЖШС-да «МАЗ» маркалы жолаушы таситын жаңа көліктердің таныстырылымы болды.

Кәсіпорын басшысы Әзербай Үмбетәлиев жаңадан сатып алынған көліктердің Минск көлік зауытында жасалғанын тілге тиек етті. Сыйымдылығы жүз адамдық он автобустың әрқайсысының құны - 19 миллион теңге.

Көлік беларусь елінің астанасында жасалғанымен, қозғалтқышы және өзге де бөлшектері немістің атақты «Мерседес» компаниясынан алынған. Немістермен өзара тиімді экономикалық қарым-қатынастың нәтижесінде беларусь әріптестеріміз көптен бері осы көлікті жасап, тұтынушыларға ұсынуда. Қаланың жолаушы тасылатын №35 бағытына шығатын көлік барлық еуроталаптарға сай. Әрі айрықша әлеуметтік мәні бар. Ол арбада отырушы мүмкіндігі шектеулі жандар мен жүріп-тұруы қиын қарияларды бірінші кезекте қамтиды. Әр көліктің маңдайындағы логотиптер осыны меңзейді. Арнайы жасалған автобуста арбалы мүгедектің кіріп-шығуына ыңғайлы трап және өзге де қолайлы құрылғылар бар. Автобус адамдардың кіріп-шығуына ыңғайлы етіп, төмен жасалған, мүмкіндігі шектеулі жолаушының ыңғайына қарай «қозғала» алады. Әрине, тек қала жолдарында жүруге лайықталған. Сондықтан қаладағы арнаулы әлеуметтік топтағы жүздеген жолаушыларды қамти аларына күмән жоқ.

Әзербай Үмбетәлиевтің айтуынша, мұндай арнаулы көлік қазір тек еліміздің бас қаласы Астанада қозғалысқа қосылған. Көліктердің несиеге сатып алынуына қалалық әкімдік пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыстық бөлімшесі мұрындық болды. Қаржыландырылуы «Ресей жинақ банкі» АҚ-ының Орал қаласындағы еншілес бөлімшесі арқылы жүзеге асырылған. Сенімді де ыңғайлы көліктерді меңгеру тәжірибелі жүргізушілерге тапсырылған. Ә.Үмбетәлиев келешекте қаржылық ахуал қолайлы болса, автобус паркін одан әрі жаңарту бағытындағы мақсатын жасырған жоқ.

Минск қаласындағы «МАЗ» сауда үйінің директоры Андрей Власенконың сөзіне қарағанда, Беларусьтың Қазақстанмен өзара тиімді қарым-қатынасының сан жылғы дәстүрі бар. Жалпы, аталмыш кәсіпорынның көліктері әлемге танымал. Кәсіпорында тек жалпыға бірдей ғана емес, әлеуметтік мақсаттағы көлік шығару да жолға қойылды. Бұл орайда «Мерседес» кәсіпорнының көмегі көп.

Салтанатты рәсімде қала әкімі Болат Шәкімов әлеуметтік мақсаттағы он көлікпен толықтырылған кәсіпорын жұмысына табыс тіледі.