Орал қаласында аула аумақтарын абаттандыру алдағы жылы да жалғасады
20:39, 31 Желтоқсан 2013
ОРАЛ. 31 желтоқсан. ҚазАқпарат - Орал қаласында көпқабатты үйлердің аула аумақтарын абаттандыру алдағы жылы да жалғасады.
Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазіргі кезде қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесе отырып, қай ауланы бірінші кезекте қолға алу мәселесі шешілуде. Өйткені көп қабатты үйлер аулаларының жағдайы әр түрлі. Біреулері күтіп ұсталса, бірқатары жөнінде бұлай айту қиын.
Қалада барлығы 386 аула болса, соның 238-і абаттандырылған. Сонымен қатар 70-ін жөндеуге жобалау-сметалық құжаттамасы жасалған.
Бұл бағытта 2013 жылы біраз жұмыс атқарылды. Бірнеше аула аумақтары жөнделді, 18 спорт, 14 балалар алаңы жаңадан салынды.