Орал қаласында автобустар қатынасы тоқтатылады
12:14, 15 Сәуір 2020
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 16 сәуірден бастап карантиндік шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы брифингте БҚО-ның бас мемлекеттік санитары Мұхамғали Арыспаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, бүгіннен бастап БҚО бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізіледі.
Атап айтқанда, ертеңнен бастап Орал қаласында барлық бағыттағы автобустар қатынасы тоқтатылады.
«Сонымен қатар облыстағы барлық банк және пошта бөлімшелері, азық-түлік базарлары жабылады», деді М.Арыспаев.
М.Арыспаев облыста коронавируспен ауырғандар саны 18-ге жеткенін, тек соңғы тәулікте алты адамның тіркелгенін айтып, сондықтан індетке қарсы шаралардың күшейтіліп отырғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, БҚО-да соңғы тіркелген науқастың ауруды қайдан жұқтырғанын жазған болатынбыз.