ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында балабақшалардың қызметі қайта тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өңірде коронавирусқа шалдығу деңгейінің төмендемеуіне байланысты карантин мерзімін 15 маусымға дейін ұзартқан болатын.
Қалалық білім беру бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, жағдайдың күрделілігін ескере отырып, балалардың қауіпсіздігі үшін қала әкімдігі жанындағы жедел штабтың 24 мамырдағы отырысы негізінде карантин режимі аяқталғанша барлық меншік түріндегі балабақшалардың қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды.
Бөлім басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, облыс орталығында 50 балабақша бар. Балабақшалар бұған дейін 20 мамырда қызметін бастап, үш күн бойы бүлдіршіндерді қабылдаған еді.
Еске сала кетейік, бүгін таңдағы мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында тағы 16 адам коронавирус жұқтырып, өсім деңгейі 4,3 пайызды құрады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).