ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бір күнде екі үйде өрт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 18 мамыр күні с ағат 16.57-де Қ.Аманжолов көшесіндегі 16-үйде жалпы ауданы 120 шаршы метр, алты отбасына есептелген барак типтес бір қабатты үйдің жабыны мен шатыры жанды.
Өрт сондай-ақ көршілес орналасқан Қ.Аманжолов көшесіндегі 14-үйді (15 шаршы метр) және Е.Пугачев көшесіндегі 33-үйдің қора-қопсысын (10 шаршы метр) шарпыды.
«Тілсіз жауды» ауыздықтауға 18 адам, 5 техника жұмылдырылды. Өрт сағат 18.46-да толықтай сөндірілді.
Сонымен қатар сағат 21.17-де 4-шағынауданда 10-үйдің үшінші қабатында 88-пәтердің балконы отқа оранды. Бұл өрт сағат 21.33-те оқшауланды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ірі қоймада өрт шыққанын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).