ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 22 қазаннан бастап шаһарда қосымша шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың мәлім еткеніндей, жасы 65-тен асқан адамдардың аса қажет болмаса, көшеге шығуына шектеу қойылды.
Сондай-ақ, демалыс күндері ауыл шаруашылығы, азық-түлік жәрмеңкелерін өткізуге тыйым салынып, қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады.
Орал қаласы әкімі мен полиция басқармасына Ж.Досмұхамедов көшесі, «Мирлан» базары маңында, Әбілқайыр хан даңғылы, 155, «Жайық» дүкені мен «Аяжан» сауда үйі, Н.Назарбаев даңғылы, «Юбилейная» аялдамасы, Құрманғазы көшесі, «Школьник» сауда үйі мен «Ақжол» сауда үйі, Абай даңғылы, бұрынғы «Сұлтан» базары, Д.Қонаев шағынауданы, «Жеңіс» сауда үйіне қарама-қарсы және Ю.Гагарин көшесі, «Өнім» базары ауданында орналасқан жабайы базарларды жою тапсырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО медицина мекемелерінде қорғаныс құралдарының 1,5 айлық қоры бар екендігін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).