Орал қаласында құбыр жарылып, 350-ге жуық абонент сусыз қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында құбыр жарылып, 350- ге жуық абонент сусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Батыс су арнасы» ЖШС мәлім еткеніндей, 30 маусым күні сағат 20.00-де Ш.Айталиев пен Алматы көшелерінің қиылысында су құбыры жарылды.

Құдықтар мен жеке тұрғын үйлердің аулаларынан су сорғызылды.

«Қазіргі таңда 350-ге жуық абонент сусыз қалып отыр. Тұрғындарға су жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Шамамен 1 шілде күні сағат 22.00-ге дейін жүргізілетін өндеу жұмыстарына апаттық техника, экскаватор, вакуумдық машина, МТЗ-82 базасында сорғы тартылған», деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Батыс Қазақстанда күн қатты ысып кеткендіктен, сусыз қалу тұрғындарға оңай тиіп отырған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда күшті желдің ғимараттардың шатырын жұлып әкеткенін жазған едік.