Орал қаласында құрғақ шөптің өртенуіне байланысты жедел штаб құрылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында Басқақ тоғайы маңында құрғақ шөп өртеніп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өрт жөнінде 20 сәуір күні сағат 14.21-де хабар түскен.
«Тілсіз жауды» ауыздықтауға өрт сөндіру бөлімдерінен 19 адам, 6 техника, орман шаруашылығы мекемесінен 15 қызметкер, 2 техника жұмылдырылды. Өрттің аумағы әзірге белгісіз. Екпіні секундына 15-20 метрге дейін жеткен қатты жел өртті сөндіруді қиындатуда. Қазіргі кезде жедел штаб құрылып, іске кірісті. Батыс Қазақстан облысында ертең де желдің күшейетіні жөнінде ескерту жарияланды», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Рашид Бляловтың бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, жыл басынан бері облыс аумағында 147 өрт тіркеліп, 3 адам қаза тауып, төртеуі түрлі жарақат алды, Өрттен келген залал 18 млн теңгеден асты.
Соның ішінде 77 га аумақта 19 табиғи жану болса, біреуі – орман өрті (15 га).
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).