Орал қаласында өртке байланысты тіркеу және жер кадастры бөлімінің мекенжайы өзгерді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында өртке байланысты тіркеу және жер кадастры бөлімінің мекенжайы өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, 30 желтоқсанда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалы Орал қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімінің ғимаратында өрт болған еді. Өрттің шығу себебін тиісті органдар анықтайтын болады.

«Өрт сөндірушілердің жедел әрекет етуінің нәтижесінде қысқа уақыт ішінде «тілсіз жау» ауыздықталып, адам шығыны болмай, құжаттарға да зақым келген жоқ. Барлық қолда бар ақпарат пен клиенттердің өтінімдері сақталды», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Бекзат Оразалин.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімі уақытша М. Жүнісов көшесі, 96 мекенжайына көшірілді. Жұмыс кестесі дүйсенбіден жұмаға дейін 09.00-ден 18.30-ға дейін.