ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында 21 қаңтардан бастап шектеу шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Роза Хасенованың 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес сауда үйлері мен орталықтар, базарлардың қызметі жексенбі күндері тоқтатылады.
Қоғамдық тамақтандыру орындары осыған дейін 09.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істесе, енді 20.00-де жабылуы тиіс.
Барлық ойын-сауық нысандары, банкет залы, түнгі клуб, бар, караоке, компьютер, ойын клубтары, қорқор, букмекер кеңселері, бильярд, боулинг және басқа көңіл көтеретін орындар, меншік нысанына қарамастан, кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі балалар мекемелері жұмыс жасамайды.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді. Басқа да карантин шектеуі сақталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда індет жұқтырған 28 адамның жансақтау бөлімінде жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).