ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында су кестемен беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шаһардағы кәріз коллекторларының еріген суға толуына байланысты 10 наурыз күні сағат 20.00-ден бастап қала бойынша су беру уақытша тоқтатылды.
«Сонымен қатар тұрғынжайларды сарқынды және еріген су басу қаупі туындады. Соған орай қалада су беру кестемен беріледі: 07.00-ден 09.00-ге дейін, 12.00 - 14.00 және 18.00 - 20.00. Жағдай қалыпқа келген кезде су беру штаттық режимде жүргізілетін болады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысында 138 елді мекен ерекше бақылауға алынғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да 2 мыңнан аса тұрғын үйі ауыз сусыз қалған ауылда төтенше жағдай жарияланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).