Орал қаласында су тасқынының алдын алу жұмыстары атқарылуда
Орал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бөлім бастығы Талғат Еділбаевтың айтуынша, қала аумақтарының қауіпті бөліктері анықталды. Биыл Деркөл, Шаған және Жайық өзендері тасуы мүмкін деген болжам бар. Бұл өзендердің жайылмаларында саяжай бірлестіктері бар. Бұл саяжайларда тұрғындар тұрып жатыр. Сондай-ақ қаладағы «Самал-1», «Самал-2» және «Самал-3» шағынаудандары да қауіпті аймақтарға жатады. Жалпы тұрғындарға да ескертулер берілуде. Қазіргі таңда эвакуациялық және төтенше жағдайлар комиссиясы жұмысқа кірісті. Сонымен қатар қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бойынша жедел штаб жұмыс жасауда. Қазір қар тазалау жұмыстары қарқынды. Көшеде жиылған су қала сыртына шығарылуда.
Төтеншеліктер көршілес Ресей елімен хабар алмасып отыр. Алайда ешкім табиғаттың тосын мінезінің қандай боларын нақты білмейді. Тиісті мекемелерге су тасқыны орын ала қалған жағдайда нақты шаралар үшін хат-хабарлар жіберілуде. Мамандардың сөзіне қарағанда, су басуы мүмкін деген жерлерде алты мыңға тарта тұрғын бар. Қазірден бастап оларға ескертулер берілуде.
Су баса қалған жағдайда тұрғындарды орналастыратын он уақытша қосын әзірленді. Оларға қажет болған кезде мың жарымдай адамды көшіріп, ыстық тамақпен қамту көзделген.