ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында сынапқа ұқсас белгісіз зат табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы әкімдігі мәлім еткеніндей, оқиға 2 маусым күні Желтаудағы (Свистун гора) қалалық зират аумағында болды.
Қалалық зират аумағында салмағы 1 келідей белгісіз заттың көмілгені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша алмұрт пішіндес ыдыста (контейнерде) улылығы жоғары сынап болған.
«БҚО ТЖ департаменті табылған жерді химиялық өңдеуден өткізді. Санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлері сынап буының ауадағы бөлінуін өлшеп, оның қалыпты мөлшерден аспағанын анықтады. Яғни адамдар өміріне қауіп жоқ. Табылған ыдыс (контейнер) жойылғанға дейін уақытша сақтау үшін БҚО экология департаментіне берілді. Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның 3 маусымдағы кезектен тыс отырысының шешімімен жергілікті жағдайдағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл табылған затты тасымалдау және жою бағытында шаралар қабылдау үшін тиісті іс-шара болып табылады», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).