Орал қаласында тұрғын үй құрылысына 5 млрд. теңге жұмсалды

ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - 2010 жылы Орал қаласында тұрғын үй құрылысына 5 млрд. теңге жұмсалды.

Қала әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, бұл - инвестицияның 18 пайызы. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен «Солтүстік-шығыс» ықшамауданында жалпы алаңы 15 мың шаршы метр 240 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Оған Ұлы Отан соғысы ардагерлері, жетімдер, көп балалы отбасылар, мүгедектер, басқа да аз қамтылған азаматтар қоныстанды.

«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында және жалға берілетін пәтерлер ретінде «Жаңа орда» ықшамауданында 16 мың шаршы метр 128 пәтерлік және 75 пәтерлік қос үй іске қосылды. «Жас отау» бағдарламасына сәйкес жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік үй салынды.

Тұрғын үй салу үшін жер телімін алу кезегінде 51671 адам тұр. Осы мәселені шешу мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен Зеленов және Теректі аудандарының бір бөлігі қала аумағына жатқызылды. Бас жоспарға сәйкес қаланы батыс (Деркөл кентіне қарай) және солтүстік-шығыс жағына (Трекин, Новенький ауылдарына) қарай дамыту көзделіп отыр. Қазіргі кезде Деркөл кентінен 1300 жер телімін беру жұмыстары жүргізілуде.