Орал қаласында тұрғын үй нарығында өзгеріс байқалмайды - сарапшы

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында тұрғын үй нарығында соңғы жарты жылда баға өзгере қойған жоқ. Бұл туралы «Контакт» жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Сайлаубек Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, шаһарда бір бөлмелі пәтер құны 4,7 млн. теңгеден басталады. Екі бөлмелі пәтер 6 млн. теңге, үш бөлмелі пәтер 8 млн. теңгеден ауданына қарай жоғарылай береді. Өтімдісі - бір және екі бөлмелі пәтерлер. Үй сатып алатындардың басым көпшілігі екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекаға рәсімдейді. Үй бағасы қалыпты. Әрине, егер біреулер шұғыл көшетін болып жатса, бағасын түсіруі мүмкін.

Жеке тұрғын үйлер жөнінде айту қиын. Өйткені оларда бір үлгідегі жоба жоқ, әркім өзінше салады. Сондықтан оларға сұраныс көп емес.

Ал мемлекеттік бағдарламалар аясында жалға алушыларға, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына арналып салынып жатқан көп пәтерлік үйлердің берілуі бағаға белгілі бір дәрежеде әсер етуі де мүмкін. Себебі қайталама нарықтағы үй сатып аламын деушілердің бірқатары соған кетеді. Онда пәтердің әр шаршы метрінің құны арзандау, 140 мың теңгеден келеді деуге болады. Қайталама нарықтағы үй бағасының әр шаршы метрі 145-150 мың, 160 мың теңге шамасында. Екінші жағынан, егер пәтерді сатып алып, ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келетін болса, шығын да көбейіп кетуі ықтимал. Оның үстіне жаңа үйлерде пәтер алаңы кеңдеу. Мысалы, оларда екі бөлмелі пәтер аумағы 60 шаршы метр болса, былайғы сондай пәтерлер 44-45 шаршы метрден аспайды.

Сарапшының пікірінше, доллар бағамы пәтер бағасына әсер етпейді. Өйткені бір жылдан бері агенттіктер тек теңгемен жұмыс жасауда. Банктер теңгемен рәсімдейді. Бәрі қалыпты, агенттікке жүгінушілер де азайған емес. Кейбіреулер өздігінен жарнама беріп, сонымен қоса агенттікке сенім білдіреді. Бұл жерде айтарымыз, жеке жүремін деп, алданып қалмау керек. Қазір ғаламтор арқылы пәтерді арзан бағасына қойып, қармақ салатындар бар. Яғни олар шетелдемін немесе басқа жердемін деп, алдын ала ақшасын QIWI-әмиян арқылы төлеуді, иә болмаса есепшотқа аударуды ұсынады. Содан кейін ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Бұл да - алаяқтықтың бір түрі. Сондықтан үйдің иесімен жолығып, келіскеннен кейін алдын ала ақшаны төлеген кездің өзінде нотариус арқылы, заңды жолмен рәсімдеген дұрыс.

Пәтерлерді жалға беру жайын да  қозғай кетсек, оның ақысы маусымға байланысты. Мәселен, күзде студенттер келген кезде көтерілуі мүмкін. Ал уақытша тіркеу әзірге әсер етіп жатқан жоқ.

Көршілес Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларымен салыстырғанда, Оралда үй бағасы арзан.

«Алдағы алты айда үй бағасында өзгеріс болмайды деп ойлаймын», - деп түйіндеді ойын С.Есқалиев.

«Контакт» агенттігінің жұмыс жасағанына оншақты жылдың жүзі болса, мұндай мекемелер саны оннан асады. Соның бірі «DE LUXE» пәтер бюросының риэлторы Руслан Шайхиевтің сөзіне қарағанда, пәтер құны оның иелерінің қойған бағасына байланысты болып келеді. Біреу қаланың орталығындағы бір бөлмелі пәтерін 7 млн. теңгеге бағаласа, екіншісі екі бөлмелі үйін сондай бағаға өткізгісі келуі мүмкін. Сосын ауданына, үйдің ескі-жаңасына, басқа да жағдайларына байланысты. Тағы бір айта кететін жайт, қазір бір бөлмелі пәтер орталықта шамамен 45-50 мың теңгеден, екі бөлмелісі  50 мыңнан, үш бөлмелісі 60 мың теңгеден жалға берілуде. Пәтер жақсы, жан-жақты жағдайы бар, жөнделген болса, онда қымбаттай түседі. Уақытша тіркеуді пәтерді заңды түрде жалға берушілер қиынсынып отырған жоқ.