ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында үйдің ауласынан мина табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 3 қараша күні сағат 16.30-да Сарайшық көшесіндегі 92/1-мекенжайында болды.
Сонда тұратын 35 жастағы ер адам жер қазу жұмыстары кезінде минаға ұқсас зат тапқан.
Мамандардың пайымдауынша, бас жарылғышы жоқ, танкіге қарсы қолданылатын мина азамат соғысы кезінен қалған.
БҚО полиция департаментінің саперлары минаны қауіпсіз жерге, полигонға шығарып, сағат 18.12-де жойды.
Зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөліктің 4 жылқыны қағып өлтіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).