ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласының бір бөлігі тағы да сусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 12 тамыз күні сағат 12.30-да Еуразия даңғылы, 64 мекенжайы маңында кәріз коллекторы жарылды.
Қазіргі кезде апаттың себебі анықталу үстінде.
Апатқа байланысты бүгін сағат 07.00-ден бастап теміржол вокзалынан Н.Назарбаев даңғылымен Сарайшық көшесіне дейін, одан 2-база ауданына дейін (5194 абонент) су беру тоқтатылды.
Су тасымалы ұйымдастырылды.
Оқиға орнында «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бригадасы (12 қызметкер, 3 техника) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, су Зачаган кентінде де жоқ.
Айта кетейік, Орал қаласында ауызсу проблемасы көптен бері туындап келеді. Тұрғындар кезекті рет сусыз қалған биылғы шілде айында БҚО әкімі Ғали Есқалиев жағдайға түсінік берген болатын.
Биылғы маусым айында Оралдағы Зачаган кенті де сусыз қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).