ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында биыл 67 көшенің жолдарын жөндеуге түрлі қаржы көздерінен 8,1 млрд теңге бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қала әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, 61 көшедегі жөндеу жұмысы толық бітті. 6 көше алдағы жылға ауысады.
Елбасы тапсырмасына сәйкес өткен жылы 23 км жол жөндеуге 2,3 млрд теңге жұмалса, биыл 73 км жолға 8,1 млрд теңге қаралды, бұл өткен жылғыдан 3,5 есеге көп. Мұндай көлемдегі жөндеу Орал қаласында болған емес. Оған қоса 40 км тротуар жөнделді, бұл жұмыстар 90 пайызға атқарылды.
«Алдағы жылы да жұмыс көлемі бұдан кем болмайды. Әлеуметтік нысандарға жол тартып, қалаішілік жолдарды жөндеуді жалғастырамыз. Қаладағы жол құрылысын үш жылда аяқтауды көздеп отырмыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Мұқаев.
Қазіргі кезде Оралда жалпы жол ұзындығы 615,15 км болса, соның 48 пайыздан астамы ғана асфальттандырылған.
Айта кетейік, биыл жол құрылысында еуропалық технология қолданылды, бұл пайдалану мерзімін арттырады.
2017 жылы Батыс Қазақстан облысында барлығы 500 км жол салынып, жөнделуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).