«Орал – Маңғыстау» бағытындағы пойызда әйелдер вагоны іске қосылды

Фото: Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

АСТАНА. KAZINFORM –  «Жолаушылар тасымалы» АҚ 1 маусымнан бастап №614/613 «Орал – Маңғыстау» бағытындағы пойыз құрамында әйелдер вагонын іске қосады. Осылайша, «Әйелдер вагоны» қызметі көрсетілетін бағыттардың жалпы саны 12-ге жетеді.

Компания мәліметінше, қазір әйелдер вагондары мына бағыттарда жүреді:

* №77/78 «Алматы – Маңғыстау»;

* №351/352 «Алматы – Маңғыстау»;

* №45/46 «Павлодар – Түркістан»;

* №37/38 «Маңғыстау – Семей»;

* №47/48 «Атырау – Астана»;

* №33/34 «Ақтөбе – Алматы»;

* №4/3 «Астана – Алматы»;

* №71/72 «Астана – Шымкент»;

* №354/353 «Астана – Семей»;

* №24/23 «Ақтөбе – Алматы»;

* №25/26 «Алматы – Шымкент»;

* №614/613 «Орал – Маңғыстау».

Әйелдер вагонында билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады. Ал қызмет көрсету міндетін арнайы дайындықтан өткен әйел жолсеріктер орындайды. Сонымен қатар бұл вагонда жеті жасқа дейінгі ұл балалардың бірге жүруіне рұқсат берілген. 

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Әйелдер вагонына билеттерді вокзалдағы кассалардан сатып алуға болады. Бұл кезде касса қызметкеріне әйелдер вагонынан орын таңдағыңыз келетінін алдын ала айту қажет. Сондай-ақ билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан онлайн сатып алуға мүмкіндік бар. Онлайн рәсімдеу кезінде билеттің әйелдер вагонына тиесілі екенін білдіретін «ӘВ» (әйелдер вагоны) белгісіне назар аудару керек.

Билеттер сатылымы пойыздың жөнелтілуіне 45 күн қалғанда ашылады, бұл жолаушыларға өз сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, биыл 226 жолаушылар вагоны сатып алынады. Бұл туралы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбұғанов айтты.