ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал механикалық зауытында өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінен түскен мәлімет бойынша, оқиға 5 тамыз күні сағат 11:55-те болды.
«Орал механикалық зауыты» ЖШС аумағында 2-цех шатыры мен жарық шамы жанды. Өрт аумағы – 240 шаршы метр. Жедел штаб құрылып, «тілсіз жауды» ауыздықтауға 15 техника, 56 адам жұмылдырылды. Өрт 12:29-да оқшауланып, 12:40-та сөндірілді. Қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталып жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Департамент мәліметі бойынша жыл басынан бері өңірде 263 өрт тіркеліп, салдарынан 5 адам қаза тапты, 4 адам түрлі жарақат алды. Өрттен келген шығын 177,7 млн теңгеге жуықтады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).