Орал мен Ақсайда қоқыс полигоны өртеніп жатыр
22:55, 31 Мамыр 2024
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Орал мен Ақсай қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жанып жатыр.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 31 мамыр күні Бөрлі ауданы орталығы Ақсайда шамамен 300 шаршы метр, Оралда 2 гектар алаңда қоқыс отқа оранды.
«Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бойынша 3 ранг жарияланды. Оралда полигондағы өртті сөндіруге 20 адам, 6 техника, Ақсайда 26 адам, 6 техника жұмылдырылған. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда далада құрғақ шөп өртенгенін жазған болатынбыз.