Орал мен Алматының волейболшылары ел кубогының жартылай финалына мерзімінен бұрын қол жеткізді

АЛМАТЫ. 23 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Хромтауда волейболдан ерлер арасында ХХІ Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындары аяқталады.

Онда 6 кездесудің қорытындысы бойынша 16 ұпай жинаған «Конденсат-Жайықмұнай» (Орал) мен «Алматы» 15 ұпаймен жартылай финалдың жолдамасына мерзімінен бұрын қол жеткізді. Бүгін енді келесі 2 жолдаманың иесі анықталады. Бұл сында 11 ұпайы бар Павлодар» мен «ТНК Қазхромының» (Хромтау) мүмкіндігі мол. Атап айтқанда ақтық кездесуде павлодарлықтар қоржыны бос келе жатқан көш соңындағы алматылық «Ұшқын ҚазҰАУ» командасымен, хромтаулықтар 7 ұпаймен кестеде 6-шы «Атырау» волейболшыларымен күш сынаспақ. Ал оралдықтар 8 ұпаймен 5-орындағы Өскеменнің «Шығыс-ҚорғасынҚұрылысымен», алматылықтар 4 ұпаймен 7-ші тұрған Қызылжардың «Есіл» командасымен кездеседі.