Бұл тұжырымдар Ресей және Германия ғалымдарының бірлескен зерттеулерінен кейін жасалған, деп хабарлайды ТАСС.
«Орыс және неміс ғалымдарының бірлескен зерттеулерінің қорытындысы бойынша, Шигир пұтының жасы - 11 мың жыл. Осылайша, оның жасы Мысыр пирамидаларынан шамамен екі есе үлкен болып шықты. Сондай-ақ, ғалымдар пұттың балқарағайдан жасалғанын растады», - деп баяндады Свердловск облыстық өлкетану мұражайының директоры Наталья Ветрова.
Үлкен Шигир пұты 1890 жылы Невьянск қаласының жанындағы Шигир шымтезекті батпағын өңдеу кезінде табылған. Жердің иесі граф А.А. Стенбок-Фермордың әмірімен мүсін Оралдың жаратылыстану әуесқойлары бірлестігі - Свердловск облыстық өлкентану мұражайына сақтауға берілген.
Пұттың биіктігі 5 метрді құрайды. Ол балқарағай діңінен қашалған. Ғалымдардың мәліметтерінше, мүсінге оралдық аңшылар, балықшылар табынған.
«Ол жасы 157 жылдан кем емес балқарағайдың жарылған діңінен тас құралмен қашалған. Сондай-ақ, пұтта ою-өрнек іздері көрініп тұр», - деп хабарлады РҒА Археология институтының жетекші қызметкері Михаил Жилин.