ОРАЛ. 20 қараша. ҚазАқпарат - БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен табиғат қорғау прокурорының ұсынысы бойынша енгізілген экология департаментінің «Орал су арнасы» МКК-ге қатысты қоршаған ортаға келтірілген 1217384 теңге залалды өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылды.
Облыс прокуратурасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш мекеме биылғы көктемде су тасқынына дайындық барысында Жайық өзені жайылмасындағы кәріздік коллекторында гидравликалық сынақтар жүргізілген кезде 40 текше метр сарқынды су қалдығын жерге төккен.
Осы факті бойынша «Орал су арнасы» МКК-ге 553 356 теңгеге айыппұл салынып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 243-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Алайда МКК басшылығына жолданған наразылық орындалмаған. Сол себепті табиғат қорғау прокурорының ұсынысы бойынша экология департаменті сотқа МКК-ден қоршаған ортаға келтірілген залалды өндіру туралы талап арыз берді.
Аталған негіздер бойынша сотпен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).