Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев теміржолшыларды айтулы датамен, өңір жұртшылығын вокзалдың ашылуымен құттықтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тапсырысымен өңірдегі 4 теміржол вокзалын қайта жаңарту жұмыстары сәтті жүзеге асырылғанын атап өтті.
— Шыңғырлау, Тасқала аудандарында теміржол вокзалдары бастан-аяқ бұзылып жаңадан салынды. Ақсай қаласы мен облыс орталығындағы нысандар қайта жаңғыртылды. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджет есебінен 7,6 млрд теңге жұмсалды. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалды. Сән-салтанаты келіскен ғимарат құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтаған мердігер компания ұжымына облыс жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін! Халық жаңа нысанның игілігін ұзақ уақыт көретініне сенім мол, — деді Нариман Төреғалиев.
Шарада теміржолшылар мен құрылысшылар Көлік министрі мен аймақ басшысының алғыс хаттарына ие болды.
Жаңғырған нысанда жолаушылардың қолайлылығы үшін 4 эскалатор, 3 жеделсаты орнатылып, заманауи конкорстық өткел салынды.
Ана мен бала, қонақүй бөлмелері, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін де тиісті жағдай қарастырылды. Вокзалдағы барлық инженерлік инфрақұрылым желілері жаңартылды. Жергілікті бюджет есебінен ғимаратқа іргелес аумақ абаттандырылды.
Айта кетейік, Орал теміржол вокзалы арқылы 1 халықаралық, 3 облысаралық және 2 облысішілік тұрақты жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Жаңа ғимарат арқылы тәулігіне 1800 жолаушы және 7 жұп пойыз қатынайды.