Орал тұрғындары су мен жылу жоқтығын айтып шағымданды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында бес отбасы бірнеше күн бойы су мен жылусыз қалып отыр.

Фото: Астана әкімдігі

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Черекаев көшесі 52-мекенжайы тұсында су құбыры 17 ақпан күні сағат 18.00 шамасында жарылған.

Апаттық қызмет келіп, суды жапқан. Сумен жабдықтауға байланысты болғандықтан, жылу да айырылған.

— Міне, содан бері су да жоқ, жылу да жоқ, тоңып отырмыз. Пәтерлерде салқын, температура 15-16 градус шамасында. Жылыну үшін газ плитасын қостық. Тұрмыстық қажеттілік үшін қарды ерітеміз. Осы үйде тұратын бес отбасында сегіз бала бар. Жуыну мүмкін болмағандықтан, оларды мектепке де жібере алмай отырмыз. Барлық қызметке, әкімдікке хабарластық. Бірақ мәселеміз шешілер емес. Бұл төтенше жағдай деп есептеймін, — дейді аталмыш үй тұрғыны.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда құбырдағы апат салдарынан 400 абоненттің сусыз қалғанын жазған едік.