ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда тұрғын есірткі салынған пакетті жұтып қоймақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінен мәлім еткеніндей, жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері «Skoda Octavia» көлігін тоқтатқан. Ішінде екі ер адам отырған.
Полицейлер көліктен шығуды сұраған уақытта, олардың бірі шағын пакеттің ішіндегі ақ ұнтақты аузына төгіп жіберуге тырысқан. Бірақ бұған полицейлер мүмкіндік берген жоқ.
Ақ кристалды заттар салынған пакеттерден бөлек, екі жас жігіттен тіркелмеген травматикалық қару табылды. Оларды тасымалдап бара жатқан ер адам такси жүргізушісі болып шықты.
«Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 296-бабына (құрамында есірткі бар препараттарды заңсыз қолдану) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бірнеше сараптама тағайындалды. Такси жүргізушісі автокөлігіне отырғандардың не тасымалдап жүргенін білмеген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).