ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда екі ер адам жанжалдасып, соңы қайғылы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 18 қыркүйек күні сағат 23.25-те болды.
«Гастелло көшесінде орналасқан үйлердің бірінде бір-бірімен жолдас-жора болып келетін екі ер адам ішімдік ішкен. Отырыс барысында жанжал туындап, 1985 жылғы ер адам қолына үшкір зат алып, өзінен бір жас үлкен азаматтың денесіне зақым келтірген. Соның салдарынан 1984 жылғы ер адам жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 3 оқушы қызды қағып кеткен жүргізушінің есірткі шегіп алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).