ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласының тұрғыны саяжайында көкнәр өсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 14 маусым күні сағат 11.40-та «Вишенка» саяжай қоғамында 35 жастағы ер адам ұсталды.
Оның саяжай учаскесін қарау кезінде 116 бұта көкнәр табылып, тәркіленді. Көкнәрді тұрғынның өсіргені байқалады. 3 дана шелек, құралдар, топыраққа қосатын арнайы зат та шықты.
Сондай-ақ 12 маусым күні сағат 18.00-де Н.Әбдіров көшесінде орналасқан үйдің ауласынан 1963 жылғы тұрғынға тиесілі 14 бұта көкнәр табылды.
Бұталар БҚО бойынша сот сараптамасы институтына жіберілді.
Қазіргі кезде екі оқиға бойынша ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігіне (құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынынан граната, мылтық, қылыш және діни кітаптар тәркіленгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).