ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өзіне қол жұмсаған 46 жастағы ер адам өзінің жасөспірім қызын зорлап, суицидке дейін жеткізгені үшін сотталған болып шықты.
БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жазасын өтеуші оқиға орнында қалдырған хатында өзінің өліміне ешкімді кінәламауды өтінген.
«Алдын ала мәлімет бойынша ер адамның мүрдесінен зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ. Ол жазасын өтеу кезінде сыртқы дүниемен байланыс орнатпаған, сәлемдеме алмаған, ешкіммен жолықпаған, телефонмен сөйлеспеген. Қазіргі кезде оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жүргізілуде. Соның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», - деп хабарлады ведомстводан.
Қызын зорлаған әкесі 21 жылға сотталған. Ары аяққа басылған қыз өзінің өмірін қиған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында түзету мекемесінде жазасын өтеушінің суицид жасағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).