«Уб» соңғы ойында «Партизан» командасын 3:0 (25:19, 25:20, 25:21) есебімен ұтты.
Тұрақты чемпионат қорытындысы бойынша Сананың клубы 51 ұпай жинап, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
«Железничар» 58 ұпаймен көш бастаса, «Тент» (53 ұпай) екінші орынға тұрақтады.
Сана Анарқұлова (қыз күніндегі тегі Жарлығасова) оралдық бапкер Көлеңке Ғұбашевтың басшылығымен жаттығып, спорттық жолын БҚО-ның «Грация KZ» командасында бастады.
Кейін «Иртыш-Казхром», «Алматы», «Астана», «Алтай» және «Тұран» клубтарында ойнап, сегіз дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Өткен жылы түркістандық «Тұранды» команда капитаны ретінде өрге сүйреді.
Ол сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны ретінде өзгелерге үлгі көрсетіп келеді.
С.Анарқұлова — Азия кубогының екі дүркін қола жүлдегері. Азия ойындарында қола медаль алды. Оған қоса клубтық командалар арасында Азия чемпионатында алтын мен күміске қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тұранның» өз тарихында тұңғыш рет волейболдан ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.